Амангелді ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Рақмет саған, Туған ел!» атты іс-шара өтті. Шараға ауданнан шыққан дәрігерлер келіп қатысты: Утегенова Роза Баженовна – Астана қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары; Жумабаев Серік Ембергенович – Қостанай облыстық көз ауруханасының бөлімше меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер офтальмолог; Қостанай облыстық ауруханасының бөлім меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары дәрежелі дәрігер хирург – Темірханов Фазылбек Сабитбекович және Қостанай облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бөлімше меңгерушісі, жоғары дәрежелі дәрігер фтизиатры – Жұмабаева Зауре Елеусизовна. Іс-шара барысында семинар өткізілді. Семинар жұмысында Фазылбек Сабитбекович «Қазіргі таңда Қостанай облыстық ауруханасының бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарамын. Біздің ауруханада шетелдік мамандардың қатысуымен дәрігерлер арасында шеберлік сыныптары өткізіліп тұрады. Туған жерімде жұмыс тәжірибеммен бөлісетініме өте қуаныштымын»,- деді.
Содан соң дәрігерлер аудандық аурухананың мәжіліс залында әріптестермен кездесу өткізді. Кездесу соңында аудандық аурухананың бас дәрігері Р.Есмағамбетов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан бүгінгі шараны жыл сайын өткізу жоспарымызда бар. Ауданымыздан шыққан білікті дәрігерлердің шақыртуымызды қабыл алып, шараға белсенді атсалысқаны үшін алғыс білдіремін»-, деді. Әріптестер тәжірибелерімен бөлісіп, науқастарға медициналық көмек көрсетті.